Жоғалған жасөспірім қыздар табылды

481

Түркістан облысының полицейлері жоғалған 2 жасөспірім қызды іздеп тапты, деп хабарлайды inbusiness.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.  

Жоғалған жасөспірім қыздар табылды Фото: polisia.kz

Түркістан қалалық полиция басқармасына екі әйел хабарласып, көмек сұраған. Көрші тұратын жалғызбасты аналардың айтуынша, біреуінің 10-сынып, екіншісінің 9-сынып оқитын қыздары 29 қаңтар күні үйлерінен шығып кетіп, содан қайта оралмаған.

Түркістан қаласының тәжірибелі полицейлері үйлерінен шығып кеткен қыздарды тез арада табу мақсатында іздестіру жұмыстарын жүргізді. Із-түссіз кеткен екі кәмелет жасына толмаған қыздардың суреттері жолаушы тасымалдаушыларға көрсетіліп, Түркістан қаласында орналасқан ойын-сауық орындары, қонақ үйлер тексерілді.

Сондай-ақ Түркістан облысы ПД-ға қарасты барлық қала, аудандық полиция басқарма, бөлімдерімен, басқа да облыстық полиция департаменттерінің криминалдық полиция басқармаларына бағытнамалар жолданды.

Түркістандық тәртіп сақшыларының 3 тәулік бойы үзіліссіз жүргізген іздестіру шаралары оң нәтиже беріп, жасөспірім қыздар табылды. Олар облыс орталығындағы 1-мөлтекаудандағы жалдамалы пәтерден табылды. Осылайша дін-аман табылған оқушы қыздар, отбасыларына қайтарылды.

Анықталғандай, екі жасөспірім өздері тұру үшін пәтер жалдаған, содан 3 күн бойы сонда түнеген. Қазіргі таңда оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Қыздардың аналарына профилактикалық түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Екі қыздың анасы полиция қызметкерлерінің жұмысына риза болып, алғыстарын білдірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу