Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз Астанада ҚР Жоғарғы сот төрағасының кеңесшісі Сағатбек Сүлеймен мырзамен кездесті, деп хабарлайды ҚМДБ баспасөз қызметі.
Кездесуде Сағатбек Болатбекұлы бас мүфтиге елімізде билер институтын жаңғырту бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыруды ұсынды. Атап айтқанда, азаматтарды сотқа дейін татуластыру, бітімге шақыру, араағайындық дәстүрді қайта жаңғырту бойынша бірлесе қызмет ету мәселесі сөз болды. Жоғарғы сот төрағасының кеңесшісі бұл бағыттағы жобаларды жүзеге асыруда мүфтият қызметкерлері мен имам-молдалардың ықпалын айрықша атап өтті.
Басқосуда тараптар ҚР Жоғарғы соты мен ҚМДБ арасында арнайы меморандум қабылдауға уағдаласты. Сонымен қатар, жұртшылық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге, конференциялар мен дөңгелек үстел, арнайы басқосулар өткізуге келісті.