Премьер-Министр Олжас Бектенов отандық өндірушілер мен экспорттаушыларға белсенді қолдау көрсетуді тапсырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Экономиканы әртараптандыру мәселесі бірінші кезекте шикізаттық емес экспорт көлемін арттыруға тікелей байланысты. Былтыр экспорттың оң өсімі тіркелді. Нысаналы индикатор 3%-ға асыра орындалды. Биыл одан да жоғары көрсеткішті, яғни экспорт деңгейін 37,7 млрд долларға дейін қамтамасыз ету міндеті тұр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңделген өнімдер мен қызметтер экспортының көлемін 41 млрд долларға дейін жеткізу қажет", - деді Үкімет басшысы.
Олжас Бектеновтің сөзінше, шикізаттық емес экспортты дамытуда жоғары деңгейде өңделген тауарлар экспортына баса мән беру керек.
"Егер мұқият қарайтын болсақ, қызмет көрсету экспортының көлемі орнықты өсіп келеді – былтыр шамамен 30%-ға өсті, ал шикізаттық емес тауарлардың экспорты былтыр керісінше 5,7%-ға төмендеп кеткен. Тауарлардың импорты 21,5%-ға артқан. Көріп отырғандай, айырмашылық 2 еседен асады, бұл сауда балансына теріс әсер етеді. Сондықтан жоғары деңгейде өңделген тауарлардың өндірісі мен экспортын ұлғайту қажет", - деп атап өтті ол.
Ол үшін перспектива мен мүмкіндік жеткілікті, деп жалғастырды Премьер-Министр.
"Отандық өндірушілер мен экспорттаушыларға белсенді қолдау көрсетуіміз керек. Сақтандыру, қаржылық, сервистік сияқты қолдау құралдарының 20-дан астам түрі бар. Оларды тиімді пайдаланып, бизнес-қоғамдастыққа осы шаралар туралы үнемі ақпарат жеткізіп тұру қажет. Консультациялық қызметтер көрсету, ақпараттық сүйемелдеу және жаңа нарықтарға шығуға көмек көрсету арқылы экспортқа бағдарланған кәсіпорындарды қолдауды күшейту қажет", - деді Үкімет басшысы.