Ақтөбеде медицина университетінің грантына түсіруге уәде еткен айыпталушы алаяқтығы үшін сотталды. Ол үш жылдық жазасын бостандықта жүріп өтейді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ақтөбе қаласының № 2 сотында Қылмыстық кодекстің "Алаяқтық" бабы бойынша іс қаралды. Айыптау актісіне сүйенсек, 2024 жылдың қаңтар айында сотталушы өзінің таныстарына "барлық жерде таныстарым бар" деп алдап, медицина университетінің грант бөліміне оқуға түсіруге уәде еткен. Бұл қызметі үшін ақша сұраған.
– Жәбірленушілердің сеніміне кіріп, өз қызметінің ақысын айтып, қаражатты қолма-қол және анасының есепшотына аударып алған. Салдарынан 3 жәбірленушіге жалпы 5 млн теңге мөлшерінде материалдық залал келтірілген. Сот отырысында сотталушы айыпты толық мойындап, жасаған іс-әрекетіне өкінетінін, жәбірленушілерге келтірген залалды толық өтегенін айтты. Сот үкімімен сотталушы кінәлі деп танылып, оған 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Жылына 100 сағаттан мәжбүрлі еңбекке тартылады, – деп хабарлады Ақтөбе қаласы № 2 сотының баспасөз қызметі.