Жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары бірлесіп маман дайындайды

1854

Тараптар бірлесе отырып 500-ден астам білім беру бағдарламасын жасауға келісті. 

Жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары бірлесіп маман дайындайды

Қазақстандық жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары кадрларды даярлау бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды, деп жазды inbusiness.kz.

"Бізге ғылым және білім саласының арасында тығыз, ауқымды және көпжақты байланыс орнату қажет. Тәжірибе көрсетіп отырғандай,  әлем бойынша жетекші елдер ғылым мен білім саласын тиімді біріктіре алды. Бұл тәжірибе қазақстандық білім және ғылым жүйесі үшін де маңызды. Енді біздің университеттер ғылыми-зерттеу институттарымен бірлесіп, ғылыми кадрларды даярлауды бірлесе жүзеге асыратын болады. Аталған жобаны жүзеге асыру жоғары білім және ғылыми саласын, ғылыми-зерттеу институттарының әлеуетін арттыруға серпін береді", – деді Асхат Аймағамбетов өз сөзінде.

Асхат Аймағамбетов отандық жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары арасында бірлескен жұмыс қазірдің өзінде жүргізіліп жатқанын айтты. Мысалы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті  Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп "Вирусология" жаңа бағдарламасын жасап, бірлескен диссертациялық кеңес ашты.

Бүгін қабылданған шешім аясында жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары маман дайындауға қажетті 500-ден астам білім беру бағдарламасын жасайды. Бұл ғылыми зерттеу нәтижелерін білім беру бағдарламаларында пайдалануға мүмкіндік береді. 

Сондай-ақ студенттермен соңғы ғылыми жетістіктермен бөлісу мақсатында ғылыми-зерттеу институттарының 300-ден астам ғалымы жоғары оқу орындарында дәріс оқу, сабақ беру, ғылыми жұмыстар мен диссертацияларға жетекшілік етіп, рецензия жазу жұмыстарына тартылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу