Жоғары оқу орындарында оқыту қашықтан және аралас форматта жүргізіліп жатыр. Күзгі семестрдің қорытындысы бойынша емтихандар академиялық күнтізбеге сәйкес 2020 жылдың желтоқсанында басталып, 2021 жылдың қаңтарына дейін жалғасады, деп хабарлайды БҒМ баспасөз қызметі.
Қашықтан оқытуға көшуге байланысты емтихандар негізінен қашықтан өткізіледі. "Педагогикалық ғылымдар", "Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар", "Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар", "Журналистика", "Бизнес, басқару және құқық" және т.б. бағыттар бойынша емтихандар тестілеу, эссе жазу және жобалар қорғау форматында өтеді.
Оқу пәндерінің ерекшелігін ескере отырып, инженерлік, өңдеуші салалар, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және т.б. оқу бағдарламалары бойынша емтихандар күндізгі форматта ұйымдастырылатын болады.