Жоғары сот органының кезекті жалпы отырысында ЖСК-нің қазіргі мүшелері Әділ Құрықбаевтың, Ардақ Балағұмарованың, Мұрат Хожабергеновтың және Ләззат Күдекованың өкілеттіктерінің аяқталуына байланысты Жоғары сот кеңесінің құрамына кандидатуралар талқыланды, деп хабарлайды Жоғарғы соттың баспасөз қызметі.
Заң бойынша ЖСК мүшелері болып тағайындалатын кандидаттарды облыстық соттардың жалпы отырыстары ұсынған судьялардың ішінен Жоғары сот органы төрағасының ұсынуы бойынша Жоғарғы соттың жалпы отырысы сайлайды. Осы ретте кандидаттар Жоғарғы және облыстық соттардан бір-бір адамнан, ал аудандық соттан екі адамнан ұсынылады.
Жақып Асанов Жоғарғы соттың судьясы Мейрам Жанғуттиновтың кандидатурасын жалпы отырыстың қарауына енгізді, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облыстық сотының, Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотының және Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьялары Нурмаханбет Елемесовты, Жанира Пернеқұлованы және Ел-Назар Манаповты таныстырды. Олардың судьялық жұмыста үлкен өтілі бар, заңтану саласында білікті мамандар, принциптілік және адалдық сияқты жоғары моральдік қасиеттерге ие.
Жалпы отырысқа қатысушылар аталған адамдарды ЖСК құрамына енгізу үшін бірауыздан дауыс берді.