Мьянмада құлдыққа түсіп, елге оралған қазақстандықтарға қатысты тың ақпарат белгілі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты өзбекстандық БАҚ-қа сілтеме жасап.
Жәбірленушілердің айтуынша, интернет арқылы жоғары жалақы төленетін жұмыс ұсынылғандықтан, олар Таиландқа барған. Бірақ та, Таиландқа келгеннен кейін оларды алдап, заңсыз түрде Мьянмаға өткізіп жіберген. Зардап шеккендер адам саудасымен айналысатын қылмыстық топтардың қолына түскен. Оларды алаяқ колл-орталықтарында жұмыс істеуге мәжбүрлеген. Заңсыз әрекеттерді істеуден бас тартқандары үшін физикалық қысым көрсетіліп, қорқытқан. Ал елге қайтару үшін құлдыққа түскендерден қомақты қаражат талап етілген.
Қазақстан мен Өзбекстан дипломаттарының Мьянма және Таиландтың құзырлы органдарымен үйлесімді әрекетінінің нәтижесінде Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан азаматтары босатылды. Олар Таиландтағы Маесот шекара бекетінде жеткізілген. Сол жерде оларға уақытша баспана мен тамақ ұйымдастырылған.
11 сәуір күні 4 қазақстандық, 2 өзбекстандық және 7 қырғызстандық елдеріне аман-есен оралды.