Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Заңнамалық қатаң шаралардың қабылданғанына қарамастан, жыл өткен сайын көлік жүргізу және жолды кесіп өту мәдениеті төмен күйінде қалып отырғаны алаңдатады. Жауапқа тартылған жүргізушілердің саны артып жатыр, десе де жағдайдың түзелгені байқалмайды.
– Президент заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік және жазаның бұлтартпас қағидатын сақтау міндетін қойды. Осы бағытта, әсіресе, жол апаттарының деңгейін төмендету бойынша нақты шаралар қабылдау қажет.
Ішкі істер министрлігі тарапынан айтылған ұсыныстарды қолдаймыз. Оларды іске асыруға барлық мемлекеттік орган мен жұртшылық өкілдері тартылуы тиіс, – деді Үкімет басшысы.
Премьер-министр жолаушылар тасымалын бақылау бойынша да тиімді тетіктің жоғына басты назар аударды. Бұл – қала ішіндегі және қалааралық бағыттардың бәріне қатысты жайт.
Өңірлерде жолға шыққан балаларды арнайы көлікпен алып жүру ережесі сақталмайтынын айтқан Олжас Бектенов соңғы болған ірі жол апаттарын да сөз етті.
Мысалы, өткен аптада ғана Алматы облысында оқушылар мінген автобус апатқа ұшырады. Жексенбіге қараған түннің өзінде жол апаттарының салдарынан Қарағанды облысында – 5 адам, Жетісу облысында 10 адам қаза тапты. Соңғы жағдайдағы апатқа кінәлі адам әлі жүргізуші куәлігін де алмаған болып шығып отыр.