Көлік министрі Марат Қарабаев ақылы жолдардың бойындағы дәретхана тазалаушылардың жалақысы қанша екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Біз ол қаражатты жолды күтіп ұстауға жұмсадық. Одан соң қосымша техника алуға жұмсалды. Жолды күтіп ұстаудың ішінде дәретханаларды күтіп ұстауға жаратқан жоқпыз. Жаңа да айттым. Жалпы республикалық жолдарды күтіп ұстауға 80 млрд теңге қажет. Біздің былтыр тапқан ақшамыз — 30 млрд теңге. Тағы 50 млрд теңге жетпей отыр. Ол — тек жолдың өзін күтіп ұстау шығындары ғана", — деді министр.
Сондай-ақ, ол аталған дәретханаларды күтіп ұстаушыларға қанша айлық төленетінін айтты.
"Бір дәретхананы күтіп ұстауға сол жақтағы кісілерге 300 мың теңге төлеп отырмыз. Ол да жетпейді. Өйткені 24 сағат бойы екі адам кезекпен істейді. Бір адам басына 150 мың теңге деген сөз. Сол жақтағы жақындау ауылдардан адам тауып, соларға төлеп отырмыз", — деді министр.