"Жол емес, азап!": Ақтөбеде батпаққа батып жатқан ауылдықтар мұңын шақты

502

Тұрғындар жолдың нашарлығынан 70 шақырым жерге төрт-бес сағатта әрең жететіндерін айтты. 

"Жол емес, азап!": Ақтөбеде батпаққа батып жатқан ауылдықтар мұңын шақты Фото: inbusiness.kz

Cарбие — Ақтөбенің Ойыл ауылына қарасты елді мекен. Облыс орталығы Ақтөбеден 320 шақырым жерде орналасқан. Ауыл халқы облыс орталығы былай тұрсын, таяқ тастам жердегі аудан орталығына жетудің өзі мұң болды дейді. Жолдың балшығы иленіп, алыс жолға шыққандар көлігімен батып, сағаттап тұрып қалады екен.

"Ауыл мен Ойылдың арасы жол жақсы болса бір жарым сағатта зу етіп жетіп баратын жер ғой, жоқ біздер төрт-бес сағатта әрең жетеміз. Көргеніміз — азап, көлікпен жолда қалсаң — не байланыс ұстамайды, ешкімге хабарласа алмайсың, талай адам жолда түнеді. Былтыр ауыл арасындағы жолды жөндеп бастағанда қуанып едік, онымен ұзаққа созылмады. Аяқсыз тұр. Енді ең болмаса, қиыршық тас төсеп берсе дейміз. Талай рет аудан әкімімен кездесуде бұл мәселені көтердік, бірақ, жолымыз одан жақсарып кеткен жоқ", — дейді ауыл тұрғыны Теміржан Аманғосұлы.

Ақтөбе облыстық әкімдігі  Сарбие ауылының кіреберіс және Ойыл — Қараой автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге мердігермен келісім-шарт жасалғанын айтты.

"2022 жылғы 15 маусымда "Тайбурыл и ШАН" ЖШС "Сарбие ауылына кіреберіс" автомобиль жолының 0-15 км, "Ойыл-Караой" автомобиль жолының 0-15 км, 15-30 км, 30-45 км орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге келісім шарт жасалды. Жұмыстар 2022 жылы басталып, 2023 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Қазіргі таңда Сарбие ауылына кіреберіс автожолының 15 км қиыршық тас негізі салынып, 2,5 км асфальт жабыныдысы төселген. Ойыл-Қараой 30-45 км автожолының 5,5 км учаскесіне, 0-15 км автожолының 12 км учаскесіне қиыршық тас негізі салынды" делінген әкімдіктің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Қазіргі таңда мердігер келісім-шартта көрсетілген жұмыстарды толық аяқтай алмай, өзіне жүктелген міндетті орындай алмай отыр. Сондықтан, мердігер компаниямен келісім-шартты бұзу және мердігерді жосықсыз қатысушы ретінде тану үшін сотқа талап арыз берілді. Қазіргі таңда сот ісі қаралып жатыр.  Әлі шешім шықпаған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу