Жол ережесін жиі бұзатын қалтасы қалың жастарды тәртіпке тарту керек – сенатор

367

Жақында депутат осы мәселе бойынша Үкіметке депутаттық сауалын да жолдады.

Жол ережесін жиі бұзатын қалтасы қалың жастарды тәртіпке тарту керек – сенатор Фото: primeminister.kz

Сенатор Марат Қожаев жол ережесін жиі бұзуды әдетке айналдырғандар үшін жауапкершілікті не үшін қатаңдатуды ұсынғанын түсіндірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты

"Қаңтар айында өңірлерді аралағанда бұл мәселелермен таныстық. Мысалы, Алматыда керемет көліктер мінген ондаған жас жігіттер айыппұл төлеуді өзінің азғантай бір шығынына айналдырып жіберген. Олар күніне жол ережесін бұзып, қатты айдайды. Мұның барлығы да камералармен тіркеліп жатыр. Бірақ оларға қолданыстағы заңнама бойынша айыппұлдан басқа ешқандай шара қолданылмайды екен. Ал айыппұлды тез төлеген жағдайда оның тек 50 пайызын ғана өтейді. Қарапайым халыққа 14 мың теңге кәдімгідей шығын болса, ал оларға (ред. – жол ережесін жиі бұзатын жастар) осы соманың елу пайызы, яғни 7 мың теңге күнделікті азғантай шығынның бірі ғана. Сол себептен сондай адамдарға айыппұл еш әсер етпесе, басқа бір қосымша шаралар қолдану керек. Оларды да тәртіпке тарту керек. Мұны мен өзім ойлап шығарған жоқпын. Осындай жағдайлар кезінде басқа елдерде де тіркелген", – деді сенатор Марат Қожаев Сенат тілшілердің сауалына берген жауабында.

Оның сөзінше, мұндай құқық бұзушылармен күресудің басқа амалы жоқ. 

"Айыппұл оларға ешқандай қиындық туғызбайды. Қалталары қалың. Сондықтан да осындай ұсыныс енгіздім. Жылдамдық режимін он рет бұзғаны үшін айыппұл төлесе, он бірінші рет те оған айыппұлды жеңілдікпен төлеткіземіз бе? Ол мұны әдейі істеп жатыр. Заң, әділеттік деген нәрсенің барлығын түсінбейді, орындағысы келмейді",  деді депутат.

Айта кету керек, осыған дейін сенаторлар жол ережесін жүйелі бұзатындармен күресті күшейту жолдарын ұсынғанын жазғанбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу