Алматы әкімшілік полиция басқармасының хабарлауынша, жыл басынан бері мегаполисте жол-көлік оқиғаларының деңгейі төмендеген. Ал жолаушылар жапа шеккен жол апатының саны 11,6%-ға азайған.
"ЖКО-ларын талдау барысында оның негізгі себебі: жылдамдықты асыру, жол қиылысынан өту ережелерін бұзу, жаяу жүргіншілерге жол бермеу, қарама-қарсы жол бетіне шығып кету, бағдаршамның қызыл түсіне өту, ара қашықтықты сақтамау және тағы басқалары екенін көрсетті. "Сергек" кешендері іске қосылғалы бері мегаполис жолдарында 4 мың 532 заң бұзушылық тіркелді", – деді қалалық әкімшілік полиция басқармасының басшысы Жандос Мұратәлиев.
Сонымен қатар полиция департаменті қалада қылмыс деңгейінің төмендегенін де хабарлады. Оның негізгі себебі қоғамдық орындарда 1 мыңнан астам бейнекамералардың орнатылуы мен тәртіп сақшыларына арналған модульдік жүйелердің көбеюі.
"Қаладағы қылмыс көп орын алатын аймақтарды жаяу патрульдеу, әйнек модульдік бекеттер орнату жалпы құқық бұзушылық деңгейінің төмендеуіне әсер етті. Осылайша 20 қаңтарға дейін өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда қылмыс 38%-ға төмендеді", – деді Жандос Мұратәлиев.
Құралай Құдайберген