Елордада жол-көлік оқиғасы салдарынан қаза тапқан азаматтарды еске алу және тұрғындарға жолда абай болу керектігін түсіндіруге арналған акция өтіп жатыр, деп хабарлайды Елорда Инфо.
"Дүниежүзілік жол-көлік оқиғаларының құрбандарын еске алу күні аясында қалалық әкімдік алдындағы алаңда өтіп жатқан акция кешке дейін жалғасады. Онда жол-көлік оқиғасы салдарынан қираған автокөлік көрнекі құрал ретінде қойылады. Біздің мақсатымыз – қираған автокөлікті тұрғындарға көрсете отырып, адамдар жолда абай болмаса арты неге алып келетінін еске салу. Жол апатынан кейін қираған көлікті көрген кезде адамдар ойланады деп үміттенеміз. Одан бөлек, еріктілер қала тұрғындарына жолда сақ болу ережелерін түсіндіріп, ақпараттық хабарламалар таратылатын болады", – деді "Автомобилистерге көмек қоғамы" қоғамдық бірлестігі төрағасы орынбасары Василий Климаков ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Естеріңізге салсақ, бұған дейін Қазақстанда биылғы жылдың 10 айында 13 мыңнан астам жол-көлік оқиғасының орын алғанын хабарлаған болатынбыз.