Жол-құрылыс базасы құрылды

436

Заманауи цифрлық өнім құрылыс материалдары мен жол құрылысы технологияларын пайдалануды жүйелеуге, жолдарды жобалауды ашық әрі сапалы етуге мүмкіндік берді.

Жол-құрылыс базасы құрылды Фото: inbusiness.kz

Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтында жол-құрылыс материалдары мен жаңа технологиялардың бірыңғай базасын құру үрдісі аяқталды. IT шешімді ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті мақұлдап, жүйе пилоттық режимде пайдалануға берілді, деп жазады Inbusiness.kz. 

"Комитет "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ, Жол активтері сапасының ұлттық орталығы және жобалаушылар қауымдастығына, сондай-ақ мердігер ұйымдар менбасқа да мүдделі тұлғаларға www.rcmbase.kz сілтемесі бойынша жаңа салалық ақпараттық жүйемен танысуды ұсынады", — делінген ҚР ИИДМ хабарламасында. 

Комитеттің құжаттарында автожолдарды орташа және күрделі жөндеу, олардың құрылысы мен реконструкциялау кезінде, сондай-ақ жобалау сметалық құжаттама әзірлеу барысында құрылыс материалдары мен технологияларды аталған бірыңғай базада ұсынылған карьерлердің, битум және асфальт зауыттарының материалдарын ескеріп, пайдалануы қажет екендігі атап өтілді.

"Бірыңғай база – ҚазжолҒЗИ-дың әзірлемесі.Бұл бағыттағы жұмыс өткен жылдың соңында басталған болатын. Жоба жолдардың сапасын жақсарту бойынша ұсынылған міндеттерге жауап беретін тиімді механизм ретінде ұсынылды. Заманауи цифрлық өнім құрылыс материалдары мен жол құрылысы технологияларын пайдалануды жүйелеуге, жолдарды жобалауды ашық әрі сапалы етуге мүмкіндік берді. Адами факторларға байланысты тәуекелдер барынша азайтылады" дейді"ҚазжолҒЗИ" АҚ жол-құрылыс материалдары және жаңа технологиялар бөлімінің басшысы Салтанат Әшімова.

Жаңа технологиялар мен материалдар алдымен зертханалық жағдайда және әртүрлі климаттық аймақтарда жол сынақтарының екі жылдық циклінде сынақтан өтеді. Тексеру нәтижелерін жол құрылысы сарапшылары, ғалымдар, жобалаушылар, қоғамдық ұйымдардың өкілдері кіретін жаңа технологиялармен материалдарды енгізу және игеру жөніндегі техникалық кеңес зерделейді. Мақұлданған жағдайда әр позиция рейтингке енгізіліп, белгілі бір жолдарда қолдануға арналған ұсыныс алады.

"Бүгінгі таңда техникалық кеңестің төрт отырысы өткізілді. Салалық ұйымдардың алқалы органы 50-ден астам инновацияны зерттеп, олардың жартысы Қазақстанның нақты өңірлерінде сыналған және пайдалануға рұқсат етілген мәртебесі бар тізілімге енгізілді", — делінген хабарламада.

Пилоттық жоба бұрыннан пайдаланылып келе жатқан жол-құрылыс материалдарына да қатысты. Қазір барлық мердігер компания қиыршық тасты нысанға еңжақын карьерден тасуға тырысады. Бұл тиімді болып табылады, өйткені материал мен техниканы тасымалдау шығындары азаяды. Алайда, қиыршықтастың беріктігі, аязға төзімділігі, тығыздығы сынды физикалық қасиеттері ескерілмей жататыны тағы бар. Бұл кепілдік мерзімі аяқталғаннан кейін жолдардың деформациясына әкеп соғады.

"Біз елдегі барлық карьерге ревизия жасаймыз және олардан алынған сынамаларға зертханалық талдау жүргіземіз. Осы мәліметтер негізінде Бірыңғай базада қиыршық тас және құм кен орындарының онлайн картасы жасалды. Бұл құрылысшылар мен дизайнерлерге жол сапасына зиян келтірместен уақытты үнемдейді. Жыл көлемінде біз Алматы, Жетісу, Түркістан, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында жұмыс істеп тұрған карьерлерге олардың қуаттылығы туралы мәліметтерді өзектендіру, сондай-ақ сынамаларды жинау және сынау үшін бардық. Зерттеу нәтижелері бойынша жол жабынының әртүрлі қабаттарында жол-құрылыс материалдарын қолдану салалары айқындалды", — деді "ҚазжолҒЗИ" АҚ Алматы филиалының зерттеу зертханасының меңгерушісі Ғалия Асанова.

Бірыңғай база жол салу тәсілдерін айтарлықтай өзгертуі тиіс. Мердігерлер мен дизайнерлер сайттан құрылыс алаңына жақын орналасқан карьерлерді, асфальт және битум зауыттарын тез тауып, олардың сапалы мәліметтерін бірден көре алады. Базаны пайдалану құрылысты жеңілдетеді және жолдарды жобалау жылдамдығын арттырады деп күтілуде, ал деректердің ашықтығы олардың құрылыс сапасын жақсартуға көмектеседі.

Айта кетерлігі, база жаңа материалдар мен технологиялар, карьерлер мен зауыттардың жұмысындағы өзгерістер, сондай-ақ климаттық өзгерістер мен пайдаланушылардан келіп түсетін ұсыныстарды ескере отырып, үнемі жаңартылып отырады.

Ақпараттық жүйе ИИДМ Автомобиль жолдары Комитетінің меншігінде болады. Комитет жүйені басқарып, іске асыру механизмін жүзеге асырады. Осы ретте институт жүйені толтыру процесін жалғастырады. Бұдан басқа, жол ғылыми-зерттеу институты республика бойынша жол саласына жаңа технологияларды енгізу бойынша функционалға ие.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу