Қазақстанда автомобиль жолдарын салу және күтіп-ұстауға арналған материалдар мен жаңа технологияларды біріктіретін rcmbase.qazjolgzi.kz цифрлық платформасын жаңғырту жалғасады. Биылғы жылдың 1 желтоқсандағы мәлімет бойынша, бірыңғай базаға жол жабынының төзімділігін, тұрақтылығын және қауіпсіздігін арттыруға арналған 191 технология енгізілген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
rcmbase.qazjolgzi.kz платформасының жіктеу жүйесі технологиялардың нақты объектілерде қолдануға қаншалықты дайын екендігін бағалауға мүмкіндік береді. Оның ішінде:
60 технология практикалық қолданысқа ұсынылған;
28 технология жетілдіру және тәжірибелік қолдану кезеңінде;
96 технология қосымша сынақтан өтуді талап етеді;
7 технология шектеулі мәртебе алған, себебі олар сынақ учаскелерінде бағалау шарттарынан өтпеген.
База қазақстандық әзірлемелерге де ерекше назар аударады: онда отандық өндірістің 37 технологиясы қамтылған. Олардың қатарында жаңа энергия үнемдейтін қоспалар, көктайғаққа қарсы материалдар және жол негізін нығайтатын заманауи құрамдар бар. Аталған технологиялар қыста жолдарды күтіп-ұстау жұмыстарында қолданылып, қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Сондай әзірлемелердің бірі "Қазақстандық жол ғылыми-зерттеу институты" (ҚазжолҒЗИ) мамандары дайыпдап шығарған көктайғаққа қарсы реагенттер. Бұл материалдар тұзсыз технология бойынша әзірленген және қоршаған ортаға қауіпсіз қолдануға бейімделген. Мұндай шешімдер жол бойындағы топыраққа, суға және өсімдіктерге зиян келтіру қаупін төмендетіп, инфрақұрылым нысандары үшін қауіпсіздікті арттырады.
Сарапшылардың пікірінше, Бірыңғай базаның дамуы жол саласы үшін ашықтықты қамтамасыз етеді және зертханалық әрі жолдағы сынақтардан өткен технологияларды енгізуге мүмкіндік береді.
"Цифрлық жіктеу жүйесі саланы кездейсоқ немесе тексерілмеген өнімдерден қорғайды. Ол нақты объектілерде тиімділігі дәлелденген материалдарды таңдауға мүмкіндік береді. Бұл жолдардың сенімділігін арттырып, құрылыс пен күтіп-ұстауда жаңа тәсілдерді қолдануға жағдай жасайды", – деп хабарлады "ҚазжолҒЗИ" өкілдері.
Технологиялар туралы барлық ақпарат, сынақ нәтижелері және оларды қолдану жөніндегі ұсыныстар rcmbase.qazjolgzi.kz платформасында қолжетімді.