Жол салуда пайдаланылатын материалдардың сапасы сын көтермейді. Асфальт төсеу маусымы басталғалы елдің түкпір-түкпірінде құрылыс жүріп жатқан аумақтан 8 мыңнан аса сынама алынған, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
"Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" 2 мыңнан астам сәйкессіздік анықтапты. Астананың өзінде жұмысына салғырт қараған мердігерлер жолдарды қырып тастап, қайта төседі. Жол салуда қандай кемшіліктер жіберіледі?
Елорданың 50 көшесіне тақтайдай тегіс жол төселіп жатыр. Сырты бүтін болғанымен, оның қандай екені сынама алғаннан-ақ белгілі болады. Жолдың сапасын тексеретін орталық астананың өзінде 330-дан астам тексеріс жүргізген. Оның тең жартысы талапқа сай келемейді. Мердігерлерге жұмыстар аяқталған 3 көшені қайта салуға тура келді.
"Сынама алынды. Соның ішінде 150 сынамасы сапаға сай келмеді. Сондықтан қайтадан жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондықтан Ардагерлер, Бакетаев көшесі, Жеңіс даңғылында кеше ғана қайтадан үлкен машинамен кесіп алынып, орнына мердігер өзінің ақшасымен кемшіліктің орнын жойды. Жол жөндеуде техникалардың бәрі талапқа сай. Көбіне кетіп жатқан адами қателіктер", - деді қалалық "Жол активтері сапа орталығы" бөлім басшысы Қайрат Кәрібаев.
Мердігерлер жұмысына атүсті қарап, битум, қиыршық тастарды төсеу кезінде технологиялық қателіктер жібереді. Асфальттың су өткізгіштігі мен нығыздығын анықтауда да олқылық жетіп артылады. Соның салдарынан өткен жылы ел аумағында 3,4 млрд теңгенің жұмысы қайта жасалған.
"Көп қателік болады. Асфальттың қалыңдығы жоғары төмен болып кетеді, соны қараймыз, кемшілік анықталса, сол жерде хаттама жазамыз. Орында жұмысты тоқтатып, кемшілікті түзеу керек", - дейді Техникалық қадағалау инженер-сарапшы Мәди Мырзаханов.
Жыл басталғалы республикада 6 техникалық қадағалау компаниялары жауапқа тартылып, 11 млн теңгедей айыппұл салынған. Қазірдің өзінде жарты млрд теңге болатын асфальт қайта төселді.
Қазір елдің түкпір-түкпірінде асфальт төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол үшін салаға 600 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Республикалық жолдар үшін 210, ал ауданаралық асфальтті жөндеуге 360 млрд теңге. Осынша ақша шелектеп құйылғанда мақсатты жұмсалса игі. Өйткені бұл саланы жемқорлық жайлағаны да жасырын емес.