Шымкентте көлік жүргізушісі көшеде құжат тексермек болған полицейге бағынғысы келмеген. Тәртіп сақшыларының бірі оның жолына тосқауыл қоймақ болғанда, көлік тізгіндеуші оны сүйреп әкеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қалалық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, келеңсіз жағдай қаланың орталық көшелерінің бірінде орын алған. "Mitsubishi Galant" маркалы автокөлігінің жүргізушісі Т.Рысқұлов пен М.Дулати көшелерінің қиылысында "Audi-80" маркалы автокөлігімен соқтығысқан. Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары жол көлік оқиғасын жасаған жүргізушінің мас әрі есірткі қолданған деген болжам жасап, құжаттарын сұраған. Алайда ол тәртіпке бағынғысы келмей, қашпақ болады.
Құқықбұзушы полиция қызметкерін соғып, оны шамамен 3 шақырым жерге дейін капотында сүйреген. Дегенмен де патрульдік полиция полкінің қызметкерлері құқықбұзушының бой тасалауына жол бермей, оны қолға түсірген. Артынша медициналық куәландыруға жеткізіп, уақытша ұстау изоляторына қамаған. Ал, көлігі айыптұраққа қойылды. Тәртіп сақшысы ешқандай жарақат алмаған.
"31 жастағы құқықбұзушыға қатысты Қылмыстық кодекстің 380-бабы 2-бөлігі "Билік өкіліне қатысты күш қолдану" бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Сондай-ақ, ӘҚБтК-нің 610-бабы 1-бөлігі "Көлiк құралдарын, жүктердi, жолдарды, жолдағы және басқа да құрылысжайлардың немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне алып келген, материалдық залал келтiрген көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қағидаларын бұзуы" бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Егер жүргізушінің есірткі затын пайдаланғаны сараптаманың қорытындысында расталса, оған қатысты ӘҚБтК-нің 608-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылады",– делінген хабарламада.