Жол сапасына жауапсыз қарағандар жаза арқалады

Қызылордада жол құрылысына немқұрайды қараған техникалық қадағалаушылар бар.

Жол сапасына жауапсыз қарағандар жаза арқалады Фото: Нұрболат Нұржаубай

Олардың арасында ескерту алып, айыппұл төлегендері де кездесіп отыр. Жалпы, Қызылорда облысы аумағында автомобиль жолдарының ұзындығы 3418,5 шақырымды құрайды, деп хабарлайды Inbusiness.kz тілшісі.

Қызылордада облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық индикаторлық көрсеткішінің үлесі 87,5 пайызға жетіп отыр. Әрине, бұл – қуантарлық нәтиже. Дей тұрғанымен, бұл жұмыстардың оңайлықпен келмегенін "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" РМК ҚОФ бөлім басшысы Ержан Усманов айтты.

- Өткен жылы Филиал тарапынан жол құрылысындағы жұмысына немқұрайды қараған техникалық қадағалаушыларға "Қызылорда облысының бақылау жөніндегі басқармасы" КММ-не 8 нысан бойынша шара көруге хат жолданды. Нәтижесінде 6 хатқа теріс жауап қайтарылып, 2 хаты қаралуда.

Филиал тарапынан тапсырыс берушіге техникалық қадағалаушыны әкімшілік жауапқа тартуға 3 хат жолданды, нәтижесінде 1 инженерге ескерту берілді, 2 рет инженерге айыппұл салынды, - деді ол.

Сондай-ақ, жол мен материалдар сапасына сараптама жүргізу мақсатында да нысандарға ішінара тексеру жүргізілген.

- Республикалық маңыздағы жолдар бойынша 14 нысанға ішінара тексеру жұмысы жүргізілді. Сонымен қатар, аспаптық тексеру барысында 64 ақау белгілі болды. Тапсырыс берушілерге анықталған кемшіліктерді жолдай отырып, нәтижесінде 186273 мың теңгеге қайта қалпына келтіру жұмыстары істелген. Ал жергілікті жолдар бойынша 228 нысанға ішінара тексеру жасалып, филиал мамандары тарапынан 470 рет жолға шығу тіркелді. Нәтижесінде 2040 сынама алынды, - деп жалғастырды сөзін Ержан Усманов.

Мамандар жол құрылысында қалыңдық жетіспеуі, жолдың тегіс салынбауы, керндердің тығыздық коэффициентінің аз болуы секілді ақаулардың көп кездесетінін айтады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу