Тәуелсіздік алғалы бері жол салуға 9 млрд доллар несие алынған

311

Көлік министрлігі мемлекеттің кепілдігімен 9 мемлекеттік және 31 мемлекеттік емес қарыз басқарып отыр, яғни шетел валютасымен 40 несие алынған. 

Тәуелсіздік алғалы бері жол салуға 9 млрд доллар несие алынған Фото: Көлік министрлігі

Бағамдық айырма есебінен теңгедегі борыш сомасы жылдан жылға өсіп келеді.

Аудит есебі деректері бойынша, соңғы үш жылда қарыздарды тиімсіз басқару салдарынан бюджет шамамен 40 млрд теңге жоғалтты, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"Тәуелсіздік алғалы бері жол саласына $9 млрд көлемінде арнайы несие алынған. Оған Батыс пен Қытайды байланыстыратын 2800 шақырымға созылған жаңа жол салынды. Тағы Ақтау мен Бейнеу арасында жол салынды. Биыл бітетін Талдықорған мен Өскемен арасындағы, Алматы мен Астана арасындағы жаңа жолдар салынып жатыр", — деді Көлік министрі Марат Қарабаев.

Министрдің айтуынша, бөлінген қыруар қаржы бос кетіп жатқан жоқ, жаңа жолдар есебінен Қазақстан транзиттік хабқа айналып отыр. Оған Қытайдан басқа елдерге өтетін транзиттік көліктердің не жүктің былтырдың өзінде 2,5 есе ұлғаюы (700 мың тоннадан 2,2 млн тоннаға дейін) дәлел. Сондықтан ары қарай да осы бағытта даму үшін министр жаңа несиелер алынатынын ескертті.

"Осы тұрғыдан қазір бюджетте қосымша ақша болмағандықтан, біз шетелдік қаржыландыру институттарынан қосымша ақша тартып отырмыз. Енді қарызды қайтару мәселесіне келер болсақ, қазір біз ақылы жолдар көлемін де, бағасын да айтарлықтай ұлғайтып жатырмыз. Одан түскен қаражаттың бір бөлігін қарызды жабуға жұмсаймыз деп жоспарлап отырмыз", — деді  М.Қарабаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу