Жол жөндеуші мердігер компания қажетті заттарды өзі өндіруде

1070

Жол жөндеуші мердігер компания қажетті заттарды өзі өндіруде

Баянауыл ауданында жол жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан "Сапа" мердігер компаниясы екі асфальт және бір қиыршық тас шығаратын зауыт ашқан, деп хабарлайды pavlodarnews.kz. 

Бұл туралы Баянауыл ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бүркітбай Бижанов айтып берді.

"Аталмыш компания аудандық маңызы бар Жаңажол – Ескелді, Алексеевка – Жаңажол бағыттарында 52 шақырым жолды жөндеуде, - деді Бүркітбай Бижанов. – Қажетті материалдарды жылдам алып отыру үшін аудан орталығында өз зауыттарын құрып алды. Өзге де сұраныс берген ұйымдарға өнімдерін өткізуде. Ұйым жөндеу жұмыстарын соңғы шыққан техникалармен әрі заманауи тәсілмен жүргізуде. Яғни, жолды алдымен бетондап, оның үстіне асфальт төсейді".

Бөлім басшысы аудан аумағындағы өзге де жолдардың ретке келтіріліп жатқаны жайлы айтып өтті.

"Сапа" компаниясының жұмысынан басқа аудандық маңызы бар Ақсан ауылының кіреберісі мен Торайғыр – Жасыбай демалыс аймағында жол жөнделуде, - деді Бүркітбай Бижанов. – Ақсан ауылында алты шақырым болса, Торайғыр – Жасыбайда 12 шақырымға жасалуда. Демалыс аймағындағы жол былтыр басталып, негізі салынған болатын. Биыл асфальті төселуде. Маусым айының соңына дейін аяқталуы керек. Ал, республикалық маңызы бар Павлодар – Қарағанды бағытындағы жолдың жұмыстары да басталған. Оған "Қазавтожол" жауап береді. Біз тек бақылаушымыз. Қазір төрт бөлікте мердігерлер өз кестелеріне сай жұмыстарын жасауда".

Айта кетейік, Баянауылдағы биылғы аудандық маңызы бар 70 шақырымдық жолдың жөндеу жұмыстарына 1,5 миллиард теңге бөлінген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу