Жол жұмыстарына бақылау жүргізбеген 22 сарапшы жұмыстан шығарылды

168

Жұмыс сапасын тиісінше бақыламағаны үшін  53,4 млн теңге айыппұл салынды.  

Жол жұмыстарына бақылау жүргізбеген 22 сарапшы жұмыстан шығарылды Фото: 24.kz

2026 жылы "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарының сапасын тексеру барысында 1 670 ақау мен талапқа сәйкессіздікті анықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жыл басынан бері компания мамандары жол жұмыстарына 50-ге жуық тексеру жүргізген. Анықталған кемшіліктердің 831-і немесе 49,8%-ы жойылды. Қалған ақауларды жою жұмыстары жалғасып жатыр.

Тексеру кезінде жолдағы шұңқырлар мен ойықтар, жарықтар, асфальтбетон жамылғысының ығысуы, жолтабандар және жолдың пайдалану жағдайына әсер ететін басқа да кемшіліктер анықталған.

Әрбір факті бойынша жауапты тұлғалар белгіленіп, тиісті шаралар қабылданды. Жұмыс сапасын тиісінше бақыламаған техникалық қадағалау мамандарына жалпы сомасы 53,4 млн теңге айыппұл салынды.

Сонымен қатар техникалық қадағалау талаптарын тиісті деңгейде орындамаған 22 сарапшы жұмыстан шығарылды.

"ҚазАвтоЖол" жол жұмыстарының сапасы мен техникалық қадағалауға қойылатын талаптарды күшейтіп жатыр. Компанияның мәліметінше, ақаудың анықталуы оның қабылданғанын білдірмейді. Мердігер ұйымдарға кемшіліктерді жою жөнінде талап қойылып, жауапты тұлғаларға шара қолданылады.

Жол нысандарының сапасын тексеру республикалық жол желісі бойынша жалғасады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу