Жолаушы Астана-Ақтау рейсінде бортсерікке шабуыл жасады

Оны полиция қызметкерлері ұшақтан түсірген. 

Жолаушы Астана-Ақтау рейсінде бортсерікке шабуыл жасады Фото: canva.com

Scat әуе компаниясының Астана-Ақтау бағытындағы жанжал туралы inbusiness.kz сайты "Лада" басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Куәгер жолаушылардың бірі оқиға 20 сәуір күні сағат 00:05-те межелі жерге жеткен кезде болғанын айтады. Даудың басы салонда ұялы телефонын ұмытып кеткен ер адамның іс-әрекетінен басталған. Телефоны есіне түскен кезде ол ұшақтың жолаушылар шығатын жерінде тұрған. Салонға қайта кіргісі келгенде, бортсерік оны тоқтатып, сәл күте тұруды сұрайды. Себебі, бұл кезде ұшақтан әлі де адамдар толық түсіп үлгермеген.

Жолаушы бұл өтінішке құлақ аспай, ішке кіруге тырысқан. Бортсерік жолаушының телефонын өзі апарып беретінін айтқан. Бірақ ол авиакомпания қызметкерінің бетінен ұрған.

– Бұл ер адам ұшу барысында ешқандай мәселелер туындатпады. Мұндай әрекетті күтпедік және оның іс-әрекеті бізді қатты ашуландырды. Бортсерік жігіт екен, ал ол қыз болғанда ше?! Шабуыл жасаған адам ірі денелі, жұдырығын сермеп тұрды. Оқиға орнында мүгедектігі бар әйел отырды, басқа жолаушылар да болды. Мұнан біреу жарақат алуы мүмкін еді. Мұндай әрекетке қатаң жаза беру керек. Физикалық күш қолдануға жол беруге болмайды, – дейді оқиға куәгері.

Оқиға орнына көп кешікпей полиция келген. Ал агрессор жолаушыны күтіп алуға келген туысы қорғап, ол да ашулы әрекеттер көрсеткен. Екеуінің де кінәсін мойындамай, жанжал туғызғаны белгілі болды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу