Қарағанды облысында адам өміріне қауіп төндіретін жол көлік оқиғалары азаймай тұр.
19 қыркүйек күні сағат 19.30 шамасында Ақтоғай ауданында "Алматы-Екатеринбург" тас жолында Сарышаған кентінен 30 шақырым жерде "МАЗ" жүк көлігімен "ПАЗ" жолаушылар автобусының қатысуымен жол-көлік оқиғасы болды.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан екі автокөліктің жүргізушісімен автобустың бір жолаушысы алған дене жарақаттарынан оқиға орынында қаза тапқан. Кейін автобустың тағы бір жолаушысы жедел жәрдем көлігінде қайтыс болды.
Жол-көлік оқиғасы кезінде автобуста 11 жолаушы болған.
"Аталған факті полицияда тіркеліп, тиісті сараптамалар тағайындалды. Қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады. Қарағанды облысының Полиция департаменті көлік жүргізушілерден жол жүру ережелерін қатаң сақтап, жолдағы сақтық шараларын естен шығармауды ескертеді", – деп хабарлады Қарағанды облысының ПД Баспасөз қызметі.
Куәгерлердің айтуынша, автобуста Жезқазған медициналық орталықтың он бір медициналық қызметкері болған. Медициналық тексеру жүргізіп жүрген дәрігерлер Шатыркөл кенішінен Балқашқа бағыт алған. Жарақат алған үш адам Приозерск ауруханасына жеткізілген.
Арайлым Еркебаева