Астанадан Алматыға ұшу АҚШ-тағы осындай маршруттан 2 есеге қымбат. Мұны басқа емес, Премьер-министрдің өзі айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Әлихан Смайылов қазіргі баға саясатын "жолаушылардың мүддесіне емес, авиакомпанияның табысын арттыру үшін жұмыс істеп отыр" деп сынады.
"Баға саясатын қайта қарау қажет".
Жауапты министр мен әуекомпания өкілдерінің баяндамасын тыңдағаннан кейін Үкімет басшысы осылай деді. Өйткені, жанармай шығынын өтеуге жұмсалатын отын алымы авиаотын бағасына қарай өзгеріп отыруы тиіс екен. Алайда, қанша құбылып жатса да, билет бағасына еш әсер етпейтін көрінеді. Баяғы қымбат билет әлі қымбат.
"Мысалы, Астанадан Алматыға дейін лоукостермен 1,5 сағаттық ұшу - Еуропа, АҚШ немесе Қытай елдеріндегі осындай маршруттармен салыстырғанда, 2 есе қымбат болуы мүмкін. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі қазіргі баға саясаты жолаушылардың мүддесіне емес, авиакомпаниялардың табысын арттыру үшін жұмыс істеп отыр деп санайды", - деді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов.
Елдегі басты тасымалдаушы болса, "соңғы жылдары тарифті айтарлықтай өзгертпедік" деп отыр. Fly Arystan-ды Air Astana-дан бөліп, жеке-дара компания ету арқылы билет бағасын арзандату туралы ұсыныс бойынша да пікір айтылды.
"Нақты жауап бере кетейін. Fly Arystan-ды Air Astana компаниясынан бөліп алсақ нарықтағы билет бағасы арзандайды деу қисынсыз. Керісінше, тариф өсуі әбден мүмкін. Оған Fly Arystan компаниясының Air Astana-ға тиесілі ресурстарды пайдалануы себеп. Егер екеуін ажыратсақ, онда осы жеңілдіктерден айрылады да, баға шарықтап кетеді", - деді Air Astana авиакомпаниясының президенті Питер Фостер.
Жауапты лауазымды тұлғалар "сұраныс пен ұсынысқа байланысты" деп, бағаға тікелей әсер ете алмайтындарын алға тартты.
"Мысалы, қонақ үй сияқты бірдей методика пайдаланады. Бірақ біздің пікіріміз билеттің құнын, билеттің бағасының дейгейін азайту үшін тек қана бәсекелестікті дамыту керек", - деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев.
Смайылов: "әуекомпаниялардың жолаушылармен тілдесу мәдениеті төмен"
Бәсекелестік болмаған соң, клиент үшін де таласуға ұмтылмайтыны анық. Белгіленген уақытынан кешіккен рейстерге байланысты ашынған азаматтардың арызы да бүгін Үкімет үйінде айтылды.
"Өкінішке қарай, әуекомпаниялардың жолаушылармен тікелей диалог орнату мәдениеті төмен. Рейстердің кешігу себептерін уақытылы түсіндірмейді. Лайықты сервис ұсынылмайды", - деді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов.
Қазақстан ішінде 5 әуе тасымалдаушы қызмет көрсетеді. Биыл оларға бюджеттен 7 миллиард 200 миллион теңге төленбек. Субсидия түрінде. Қарапайым тілмен алғанда, билет бағасы қолжетімді болу үшін әрі ішкі туризмді дамыту мақсатында.
Ал Премьер-министрдің "баға саясатын қайта қарау" деген тапсырмасы мәселені шеше ме? Оның қашан жүзеге асырылатыны және қандай нәтиже беретіні әзірге белгісіз.