Көлік министрлігі теміржол көлігінде заманауи цифрлық технологияларды енгізу және жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру жұмыстарын жалғастыруда, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Осыған орай әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын тасымалдаушылармен жиын өтті. Кездесу барысында саланың ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығындағы қорытындысы шығарылып, жолаушылар теміржол тасымалын одан әрі дамытудың негізгі мәселелері қаралды.
Негізгі мәселелердің бірі жолаушылар пойыздарын интернетпен қамтамасыз ету. Бүгінде Қызылорда – Павлодар, Жезқазған – Астана, Астана – Семей, Алматы – Достық және Қызылорда – Көкшетау бағыттарындағы жолаушылар пойыздары интернетпен қамтамасыз етілген.
Спутниктік байланысты пайдалану ұялы байланыс операторларының қамту аймағы жоқ теміржол учаскелерінде де интернетке тұрақты қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Бұл жолаушыларға мессенджерлерді, әлеуметтік желілерді, жұмыс сервистерін және басқа да онлайн-платформаларды еркін пайдалануға мүмкіндік береді.
Сервиске қосылу үшін жолаушылар пойыздағы Wi-Fi желісін таңдап, авторизациядан өтуі қажет. Осыдан кейін WhatsApp және Telegram мессенджерлері арқылы мәтіндік хабарламаларды тегін алмасу қызметін пайдалана алады. Бұдан бөлек интернет-ресурстарға, әлеуметтік желілерге, бейнесервистерге және жұмысқа арналған қосымшаларға толық қолжетімділік беретін ақылы тарифті рәсімдеуге мүмкіндік бар.
Жиын қорытындысы бойынша тасымалдаушыларға жолаушылар пойыздарын интернетпен жабдықтау жұмыстарын жеделдетіп, ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау тапсырылды.