Көлік министрлігі № 109/110 "Ақтөбе – Маңғыстау" бағыты бойынша жолаушылар теміржол қатынасы қайта жанданғанын мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Аталған бағыт бойынша бұған дейін "Otpan Logistik" ЖШС жеке тасымалдаушысы қызмет көрсетіп келген.
Вагондардың техникалық жай-күйіне қатысты халық тарапынан көптеген шағым түсуіне байланысты, сондай-ақ жылжымалы құрамды жаңарту жөніндегі міндеттемелердің орындалмауына орай компаниямен жасалған келісімшарт бұзылды.
Қазір жолаушылар тасымалы Ұлттық тасымалдаушы – "Жолаушылар тасымалы" АҚ құрамындағы пойыздармен жүзеге асырылып жатыр.
"Пойыз отандық өндірісте шығарылған жаңа жолаушылар вагондарымен қамтамасыз етілген. Пойыз құрамында 5 купе және 6 плацкарт вагоны бар. Бір бағыттағы жалпы сыйымдылығы 400-ден астам жолаушыны құрайды. Вагондар қауіпсіздік және жайлылық бойынша заманауи талаптарға толық сәйкес келеді. Купе вагондары эргономикалық орындармен, жеке жарықдиодты шамдармен, USB-порттармен және электр розеткаларымен жабдықталған. Ерекше қажеттілігі бар жолаушылар үшін арнайы купелер, мүгедектер арбасын орналастыруға арналған орындар және жолсерікті шақыру түймесі қарастырылған", – делінген хабарламада.
Көлік министрлігі әлеуметтік маңызы бар бағыттарда тұрақты жолаушылар қатынасын қамтамасыз ету және жолаушылар паркін кезең-кезеңімен жаңарту бойынша жүйелі жұмысты жалғастырады.