Ішкі істер министрлігі жүргізушілер, жолаушылар мен жаяу жүргіншілер үшін жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында заманауи цифрлық технологияларды қолданады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ресми ақпаратқа сәйкес, осындай құралдардың бірі – жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудің автоматтандырылған жүйелері. Олар жол жүрісі қағидаларын бұзудың 23 түріне дейін анықтай алады.
"Жүйелер жылдамдықты арттыру және бағдаршамның тыйым салатын сигналына өту фактілерін тіркейді. Бұл жолдың аса қауіпті учаскелері мен қиылыстарында жол-көлік оқиғаларының алдын алуға мүмкіндік береді. Олар қарсы бағыттағы жолаққа шығуды және қоғамдық көлікке арналған жолақпен жүруді анықтайды. Мұндай бақылау қарсы бағыттағы көліктердің соқтығысу қаупін азайтып, автобустардың кедергісіз қозғалысын қамтамасыз етуге ықпал етеді. Сондай-ақ тоқтау және тұраққа қою қағидаларын бұзу фактілері анықталады. Бұл әсіресе дұрыс қойылмаған көліктер қозғалысты қиындататын, жолдың көрінуін шектейтін немесе жедел қызмет көліктерінің өтуіне кедергі келтіретін жерлерде маңызды", – деп хабарлады ведомство.
ІІМ мәліметінше, камералар тоқтау сызығын кесіп өту және жүргізушінің жаяу жүргіншіге жол бермеген жағдайларын тіркейді. Заманауи жүйелер көлік жүргізу кезінде телефон пайдалануды және қауіпсіздік белдігін тақпауды да анықтай алады.
"Технологиялар көліктің түрі мен сипаттамаларын анықтайды, бағдаршам сигналдарын таниды, учаскедегі сол сәттегі ғана емес, орташа жылдамдықты да өлшейді. Бұл жүргізушінің камераның алдында ғана жылдамдығын бәсеңдетіп, одан кейін қайтадан жылдамдықты арттыруына жол бермейді. Жасанды интеллектінің мүмкіндіктері де жеке бағыт ретінде дамып келеді. Ол ықтимал қауіпті мінез-құлықты анықтауға, жүргізушінің шаршау белгілерін тануға және жолдағы жалпы жағдайды талдауға көмектеседі. Осы деректер негізінде апат қаупі жоғары учаскелерді анықтауға, жиі жасалатын бұзушылықтардың себептерін түсінуге және алдын ала шаралар қабылдауға болады: қозғалысты ұйымдастыру тәртібін өзгерту, жол белгілерін орнату немесе профилактикалық жұмысты күшейту", – делінген хабарламада.
Бұл жүйелерді көлікті ғана тіркейтін қарапайым камералар деп қабылдауға болмайды. Олар қауіпті жағдайлардың алдын алуға көмектесетін интеллектуалды құралдарға айналды.