Өскемен жолдарындағы шұңқырлар кірпішпен бітелді. Жылда көктем шыға шұрық-тесігі көбейетін қала көшелері биыл да сол қалпынан танбады. Тіпті қала орталығындағы кей жолда жүру қиындап, жүргізушілер шағымы көбейген-ді. Содан кейін комуналдық қызметшілер жол жыртығын жамаудың жаңа тәсілін ойлап тапқан. Бірақ өнертапқыштардың өздері бұл бұрыннан бар әдіс. Біз тек соны қолдандық дейді.
Жолдағы шұңқырларды кірпішпен толтырған комуналдық қызметшілердің әрекетін құптағандар да, сынағандар да көп. Сынағандар әрине, қауіпсіздік ережелері сақталмағандығын алға тартқан.
"Кірпіштерді салған кезде арнайы езіндімен мықтап орнатпады. Кей жерлерге жәй топырақ төге салды. Кей жерлерде аздап балшық салған. Мұндай жағдайда кірпіш сынықтары ұшып, біреуді жарақаттамасына кім кепіл?!",-дейді қоғам белсендісі Әділ Пішенов.
Ал қала тұрғыны жолда абай болуға шақырды.
"Жол жиегінде тұрған балалы әйелге тас тигенін көріп едім. Куә болған адамдар жүргізушіні жазалауды ұсынды. Мұнда да сол секілді жағдай болуы мүмкін ғой. Абайлау керек",-деді қала тұрғыны Павел Сумин.
Ал жолға жауапты мекеме басшысы мұнымен келіспейді. Айтуынша, көктем келіп, қар кеткенімен күн салқын болғандықтан асфальт төсеу мүмкін болмапты. Сондықтан тығырықтан шығудың жолын осылай тапқан.
"Тек қана бізде емес, бүкіл әлемде, басқа мемлекеттерде, басқа қалаларда қолданып жатыр. Біз оны өзіміз ойлап тапқан жоқпыз. Содан кейін 2-3 жылдай болды Өскеменде кейбір жерлерді осылай жауып жатырмыз",- дейді "Таза-Өскемен" КММ директоры Асхат Тәженов.
Шұңқырларды бітеу үшін ескі кірпіштер қолданылған. Жаяу жүргіншілер жолына арналған тастар да төселген. Жол жөндеушілердің өзі бұл әрекетке асфальт шығаратын зауыт істемегендіктен амалсыз барғандарын айтты.
"Зауыт істемейді. Материал жоқ. Сол себепті салдық. Біз соны енді міне түгел аламыз. Қайтадан жаңадан асфальт салып, битуммен как раз заңға сәйкес, нормаға сәйкес келтіріп саламыз бәрін",-деді учаске шебері Бақыт Көшербаев.
Бүгіннен бастап шұңқырға төселген бұл материалдар қайта алынып жатыр. Жұмысшылардың айтуынша, қолданылған кірпіштер ескі болса да "Таза-Өскемен" мекемесінің қоймасында қайта сақталады.