Қазіргі таңда су басу қаупі төніп тұрған 464 жол учаскесі, 66 көпір мен 852 су өткізгіш құбыр Автомобиль жолдары комитетінің бақылауына алынған, деп хабарлады ИИДМ баспасөз қызметі.
"Жол қызметтері тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырып, автожолдар мен жол құрылыстарына күн сайын патрульдеу жүргізеді. Су тасқыны кезеңінде жұмыстарды уақытылы ұйымдастыру үшін жанар-жағар майдың 644 тоннасы, құмның 8,1 мың, тастың 6,8 мың, қиыршық тастың 17,2 мың текше метрі, 45,5 мың дана қап, 25 дана темір-бетонды құбыр дайындалды. Жалпы дайындық 90% құрайды. Су өткізгіш құбырларды және көпір арналарын қардан тазалау жұмыстары басталып кетті. Су басу қаупі төніп тұрған нысандарда жол-пайдалану техникасының 883 бірлігі бекітілген",– делінген хабарламада.
Былтыр республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының қозғалыс бөлігі су астында қалуының 38 оқиғасы тіркелген болатын. Әсіресе Қарағанды облысындағы жолдар суда қалды, өңірде осыған қатысты 26 оқиға тіркелген еді. Ал Ақмола облысында – 7, Шығыс Қазақстан мен Павлодар облыстарында – 2, Солтүстік Қазақстан облысында 1 оқиға тіркелді.
Осының салдарынан жол жиектері, жасанды құрылыстар бұзылған болатын. Келтірілген залалдың жалпы сомасы 90,3 млн теңгені құрады.