Жолдардың сапасы бойынша әкімдіктер рейтингінің әдістемесі әзірленеді

740

Жолдардың сапасы бойынша әкімдіктер рейтингінің әдістемесі 2022 жылдың соңына дейін бекітілмек, деп жазады inbusiness.kz ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жолдардың сапасы бойынша әкімдіктер рейтингінің әдістемесі әзірленеді

Кешенді шаралар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың автомобиль жолдарының сапасын арттыруға байланысты тапсырмасы аясында әзірленеді. Бұл салада бақылауды күшейту мақсатында нормативтік-құқықтық актілердің маңызын жетілдіруге басымдық беріліп отыр. 

Атап өтер болсақ, елімізде көлік саласына қатысты жаңа заң жобасы әзірленді. Бұл "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" РМК арқылы елді мекендердегі жол жөндеу жұмыстарына міндетті сараптама жүргізуді қарастырады. Ұлттық сапа орталығы сараптама барысында жөндеу жұмыстарының тиісті нормаларға сәйкестігіне байланысты қорытынды шығарады.

Техникалық қадағалау мен жобаны жүзеге асырған мекемелер жол пайдалануға берілгеннен соң жөндеу жұмыстары кезінде орын алған қателіктер мен ақаулар үшін жауапкершілікке тартылмайды. Бұл олқылықтың алдын алу мақсатында әзірленген заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауына берілді.

Сондай-ақ министрлік автомобиль жолдары саласындағы 1200-ге жуық нормативтік-құқықтық актілердің маңызын арттыруды қолға алмақ. Аталған құжаттарға жол жөндеу жұмыстарына халықаралық тәжірибе мен технологияларды және заманауи материалдарды қолдану сынды бірқатар өзгерістер енгізу қарастырылуда.

Республикамыздағы ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 157 мың шақырымды құрайды. Оның 25 мың шақырымы республикалық маңызы бар жолдар желісі, ал 71 мың шақырымы жергілікті маңызы бар жолдар санатына кіреді. Елді мекендердегі жолдардың ұзындығы – 61 мың км.

Айта кетейік, қолданыстағы заңға сәйкес республикалық маңызы бар жолдарға Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен "ҚазақАвтоЖол" ҰК" АҚ жауапты болса, жергілікті маңызы бар жолдар мен елді мекен арасындағы жолдар жергілікті атқарушы органдардың құзіретіне кіреді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу