"Жолды жауып тастаған": Алматыда "River Park" тұрғын үй кешенінің тұрғындары жауапқа тартылды

393

Тұрғындар көлік қозғалысына кедергі келтірген.

"Жолды жауып тастаған": Алматыда "River Park" тұрғын үй кешенінің тұрғындары жауапқа тартылды Фото: inbusiness.kz

Алматыда жылуды қосу талаптары бойынша Мақатаев көшесін жауып тастап, көлік қозғалысына кедергі келтірген тұрғындар жауапқа тартылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

"Кеше Алматыда "River Park" тұрғын үй кешенінің тұрғындары жылуды қосу талаптарымен Мақатаев көшесін жауып тастады. Бұл әрекеттер қоғамдық тәртіпті өрескел бұзу, жол жүрісіне кедергі келтіру, сондай-ақ полиция қызметкерлерінің заңды талаптарын орындамау болып саналады. Бұл жағдайды тұрғындар тиісті органдармен және қызмет көрсететін ұйымдармен заң шеңберінде, сондай-ақ митинг ұйымдастыру туралы Заңның талаптарын сақтай отырып, оны алдын ала жергілікті атқарушы органға хабарлау арқылы шешуі қажет болатын. Осылайша бұл азаматтар қоғамдық тәртіпті бұзып, басқа азаматтарға қолайсыздық туғызды. Осыған байланысты төрт азаматқа қатысты полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбағаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 667-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Акцияның басқа тоғыз қатысушысы көлік құралдарының жүрісіне кедергі жасағаны үшін Кодекстің 614-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Естеріңізге сала кетейік, заңсыз наразылық акцияларын ұйымдастыру және өткізу әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады", – деді ҚР ІІМ ӘПК төрағасы Қайсар Сұлтанбаев.

Сонымен қатар полиция жол қозғалысын заңсыз шектегені үшін жауапкершілік туралы ескертеді.

"Мемлекет басшысы кез келген бұзушылыққа “нөлдік төзімділік” көрсету туралы нақты міндеттерді атап өтті, оның ішінде заң мен тәртіптің сақталуын қадағалау. Осындай бұзушылықтардың бәрі әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті көздейді. Ағымдағы жылы полиция қызметкерлері 16 мыңнан астам ұсақ бұзақылықты, 1700-ден астам бөтеннің мүлкін бүлдіру деректерін анықтады. Қоғамға деген құрметсіздікті білдіретін, бөтеннің мүлкін жою немесе бүлдірумен қоғамдық тәртіпті өрескел бұзғаны үшін 1,5 мыңға жуық адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Соңғы уақытта қоғам назарын аудару мақсатында жолдарды жабу деректері кездеседі. Алайда мұндай акцияларды өткізу заңсыз болып табылады", – деді Қайсар Сұлтанбаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу