Жолды жөндеген сайын апат көбейеді – министрлік

1068

Қазақстанда бес адамға бір жеке көліктен келеді.

Жолды жөндеген сайын апат көбейеді – министрлік

Жол сапасы жақсарған сайын апат көбейіп барады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ресми сайтында осындай мағынасы екіұшты ақпарат жариялады. Мақаланың мағынасы ойға оғаштау екенін өздері де мойындайды.

"Жалпы "көлік апатының саны сапалы жолдарға байланысты көбейді" деген сөз құлаққа оғаштау естілетіні рас. Бірақ, жолдар тегістелген сайын көлік апаттары, оның ішінде қайғылы аяқталатын жағдайлар көбейген. Статистикаға сүйенсек, 2019 жылы жолдағы апаттардың 33,6% жылдамдықты арттырудан, 14,1% қарсы жолаққа шығып кетуден, 9,5% жүргізушінің көлікті басқара алмай қалуынан, 8% арақашықтықты сақтамаудан болған. Сондай-ақ, шаршау, мас болып көлік айдау және автомобильдің ақауы сияқты жағдайлар апатқа себеп болып жатады", – делінген министрлік сайтында жарияланған материалда.

Ресми мәліметке сенсек, 2019 жылы республикалық және халықаралық маңыздағы жолдарда 2547 көлік апаты болған екен. 

"Бұл 2018 жылмен салыстырғанда  18% көп. Осылайша, жолдардың сапасы артқан сайын жол-көлік апаттары да көбейген. Осы орайда өткен жылы елімізде республикалық маңыздағы автожолдардың 4,4 шақырымында қайта құрылымдау және салу жұмыстары жүргізіліп, рекордтық көрсеткішке жеткенін айту керек. Нұр-Сұлтан – Павлодар, Щучинск – Зеренді, Бейнеу – Ақжігіт, Жетібай – Жаңаөзен, Таскескен – Бақты, Теміртау – Қарағанды учаскелері толық аяқталды. Бүгінгі таңда республикалық жолдардың 88% жақсы және қанағаттанарлық жағдайда", – деп жазады министрлік сайты.

Әрі қарай мақалада жыл өткен сайын жол сапасы мен қауіпсіздігін арттыру үшін қыруар қаржы бөлініп жатқаны айтылған. Мысалы, "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында 2025 жылға дейін 13,5 мың шақырым жол салынып, қайта жаңғыртылмақ. 

Мақалада елде көлік санының артуы да жол қауіпсіздігіне әсерін тигізіп жатқаны айтылады.  

"Статистика комитетінің мәліметінше, елдегі жолдарда 3 милионнан астам көлік жүр. Орта есеппен 100 қазақстандыққа 21 көліктен келеді, яғни әрбір бесінші отандасымыздың жеке көлігі бар. Адам өмірінің қауіпсіздігі мемлекет үшін басым бағыттардың бірі екені сөзсіз. Дегенмен, жолдарда апаттарды азайту – жол қозғалысына қатысушылардың әрқайсына ортақ жауапкершілік. Көлік айдау мәдениетін арттыру – бүгінгі таңдағы негізгі міндеттердің бірі", – делінген министрліктің ақпаратында.   

Былтыр республика бойынша жаңадан салынған және қайта жаңғыртылған 641 шақырым жол ашылған екен. Ал тәуелсіздік жылдары 12,5 мың шақырымнан астам жол жаңадан салынып, жөнделген. 

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу