"Жолдың бұзылуын жеделдетіп жатыр": Қазақстанда жүк тасымалына бақылау күшейтілді

Бұл туралы Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған еді.

"Жолдың бұзылуын жеделдетіп жатыр": Қазақстанда жүк тасымалына бақылау күшейтілді Фото: ЖИ

Автомобиль жолдарының сапасын арттыру және елдің транзиттік әлеуетін нығайту күн тәртібінен түсер емес, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Көлік министрлігі ірі көлемді және ауыр салмақты автокөлік құралдарының қозғалысына бақылауды күшейткенін мәлімдеді. 

Бақылау іс-шаралары елдің "Батыс Еуропа – Батыс Қытай", "Астана – Петропавл", "Омбы – Павлодар – Семей – Майқапшағай" және "Қызылорда – Жезқазған" сияқты негізгі көлік дәліздері мен автомобиль жолдарында жүргізіліп жатыр.

Рұқсат етілген салмақ параметрлерінен асып түсетін жүк тасымалының жолын кесуге ерекше назар аударылады. Өйткені, көлік құралдарының шамадан тыс жүктелуі жол төсемінің бұзылуын жеделдетіп, жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне қатер төндіретіні анық. 

Сонымен қатар, министрлік Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарымен бірлесіп, рұқсат етілген салмақ параметрлерінен асып кеткені үшін жауапкершілікті күшейту және ауыр салмақты автокөлік құралдарын бақылау тетіктерін жетілдіру бойынша заңнамалық шараларды қарастыруда. 

– Автомобиль жолдарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында көліктік бақылауды күшейту және заңнаманы жетілдіру жөніндегі жұмыстар жалғасатын болады, – делінген министрлік хабарламасында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу