Премьер-министр Олжас Бектенов Батыс Қазақстан облысындағы жол сапасын сынға алып, өңір басшысына тапсырма берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Нариман Төреғалиұлы, сіздерде жолдың жағдайы әлі де нашар болып отыр. Өзгеріс шамалы, қандай шаралар қабылдап жатсыздар? Жағдайды қашан жақсартасыздар? Жылдан жылға жақсы жолдардың үлесі өсу керек қой. Сіздерде керісінше төмендеп бара жатыр. Мәселелерді атап қоймай, шешу керек. Жергілікті бюджеттен тиісті қаржыландыру көлемі болуы шарт", – деді Үкімет басшысы.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев аймақтың жергілікті жолдарының нормативтік жағдайдағы үлесі өте төмен екенін жасырмады.
"Облыс бойынша автомобиль жолының жалпы ұзындығы 6183 шақырым. Оның ішінде жергілікті автожолдар – 4834 км. Үкіметтің қолдауымен 2023-2025 жылдарға жалпы сипаттағы трансферт түрінде 66 млрд теңге қарастырылды. Сол кезде орташа бір шақырым жолды салу құны 33 млн теңге есебімен бөлінген қаражатқа жоспар бойынша үш жылда 2010 шақырым жергілікті маңызы бар жол салу жоспарланды", – деді өңір басшысы.