Жөндеу жұмысы мерзімінен бұрын аяқталды

910

Жөндеу жұмысы мерзімінен бұрын аяқталды

Шымкент мұнай өңдеу зауытында күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу кезіне жоспарланған барлық жұмыстар Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі бекіткен жоспарлы-алдын алу жөндеу жұмыстарын жүргізу кестесінен төрт тәулік бұрын аяқталды.

Министрліктің хабарлауынша, өндірістің үздіксіз және апатсыз жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында жүргізілген күрделі жөндеу аясында зауытта технологиялық жабдықтар, құбыр желілері, өндірістік пештер, сорапты-компрессорлық тораптар, кабель желілері, электр жабдықтары, негізгі және қосалқы қондырғылардың бақылау-өлшеу аспаптары мен автоматикасы техникалық куәландырудан және күрделі жөндеуден өткізілді.

Бұдан басқа, зауытты жаңғырту жобасы аясында салынған жаңа, үлкен технологиялық нысан – изомерлеу қондырғысын жұмыс істеп тұрған, әрекеттегі технологиялық желілерге біріктіріп, қосу жұмыстары жүргізілді.

Бүгінде өндіріс технологиясына және қауіпсіздік ережелеріне сәйкес тауарлы өнім алынатын болып, зауыттың технологиялық қондырғыларын кезеңмен іске қосу жұмыстары жүргізілуде. 

Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылғы 31 наурызда "ПетроҚазақстан Ойл Продактс" ЖШС-де шикізатты алдын ала гидротазалау блогы бар жеңіл бензин фракцияларын изомерлеу қондырғысында құрылыс-монтаждау жұмыстарының механикалық аяқталғаны жөнінде актілерге қол қойылған болатын. Қазіргі уақытта осы нысанда іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарды ағымдағы жылдың шілдесіне дейін аяқтау көзделуде. Жұмыстар аяқталғаннан кейін К4, К5 экологиялық кластағы жоғары октанды бензиндерді алуға және олардың өндірісін жылына 460 мың тоннаға арттыруға мүмкіндік беретін изомерлеу қондырғысы іске қосылатын болады.

Сондай-ақ, Шымкент мұнай өңдеу зауытында зауыттың шикізат өңдеу қуатын жылына 5,25 млн. тоннадан 6 млн. тоннаға дейін арттыруға және шикізат өңдеу тереңдігін жоғарылатуға бағытталған жаңғырту жобасының екінші кезеңі аясындағы жұмыстар да қарқынды жүргізіліп жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу