Семейдегі әуежайды күрделі жөндеуден өткізу жұмысы белгіленген кестеден кешігіп жатыр. Бұған аэродромның бұрынғы қарызы себеп болып тұр. Сондықтан әуежайды жөндеуге тендерді ұтып алған мердігер компаниялар, құрылыс және әрлеу жұмысын бастай алмай отыр. Семей қаласындағы әуежайды қазіргі заманға сай етіп жөндеу үшін 10 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Бұл ақшаға бірінші кезекте ұшақтың ұшып, қонатын алаңын жаңалап, инженерлік коммуникацияны ауыстыру жоспарланған болатын. Алайда, жобаны толық жүзеге асыруға осыған дейін әуежайға иелік еткен компанияның қарызы тосқауыл болып тұр. 2009 жылы "Ертіс" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 300 млн теңгеге 2 ұшақ несиеге алынған. Алайда, "Семей Авия" компаниясы пайдаға кенеле алмай, керісінше несие берушілерге барлығы 800 млн теңге берешек болып қалады. Қазір "Ертіс" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы Үкіметке хат жазып, мәселені шешу жолын қарастырып жатыр екен.
"Ертiс" ӘКК" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Болат Акужанов:
"Осы мәселе бойынша Даниал Кенжетайұлы да тиісті тапсырмалар берді. Менің ойымша, алдағы 1-2 аптада мәселе шешілуі тиіс. Үкімет қаулысы шықса, әуежай ғимаратын сатып аламыз. Содан соң бірден жөндеу жұмысы басталады. Ақша бөлініп қойған. Мердігерлер де асықтырып жатыр бізді".
Автор: Берік Көшербай