ЖОО-лар коронавирустен сақтану үшін онлайн оқытуға дайындалуда

1436

Студенттер онлайн платформаға тіркеліп жатыр.

ЖОО-лар коронавирустен сақтану үшін онлайн оқытуға дайындалуда

Елімізде кейбір білім беру мекемелері студенттеріне қашықтықтан білім беру порталына тіркелу қажеттігі жөнінде тапсырма беруде. Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова осы мәселеге қатысты түсініктеме берді.

"Білім алушыларды жаппай онлайн оқыту туралы шешім шығарылған жоқ. Бұл – індеттің таралуының алдын алу шарасы. Коронавирус тіркеле қалса, әр ұжым дайын болуға тиіс. Басқа мемлекеттерде коронавирусқа қатысты жағдай қалай өрбіп жатқанын министрлік үнемі қадағалап отырады. Вирус тіркеле қалса, қандайда бір шара қолға алынуы мүмкін. Ал қазір ондай құжат қабылданған жоқ", – деді денсаулық сақтау саласының өкілі.

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ академиялық мәселелер департаментінің директоры Шамен Палымбетовпен хабарласқанымызда, бұл шара індет тіркеле қалған жағдайда студенттерді дүрліктірмеу үшін жасалып отырғанын айтты.

"Бүгінгі күні барлық білім алушыларды онлайн оқытқалы жатқан жоқпыз. Тек студенттерді онлайн платформаға тіркеп жатырмыз. Себебі, белгілі бір жағдайға байланысты басшылық тарапынан "қашықтықтан оқытуға көшіңдер" деген бұйрық келе қалса, дүрлікпеу үшін осылай істеп жатырмыз. Әр нәрсеге дайын болу мақсатында білім алушыларды алдын ала базаға енгізіп қоюды ұйғардық. Өйткені, порталға 19500 адамды бір уақытта тіркеу қиындық туғызуы мүмкін. Жалпы, білім алушыларды қашықтан оқытуда тәжірибеміз бар", – деді академиялық мәселелер департаментінің директоры.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу