ЖОО мен колледждердің оқу бағдарламасы Қазақстан экономикасының қажеттіліктеріне сай болуы тиіс – Әлихан Смайылов

765

Үкімет жанындағы отандық кәсіпкерлер кеңесінің отырысында адами капиталды дамытудың өзекті мәселелері талқыланды.

ЖОО мен колледждердің оқу бағдарламасы Қазақстан экономикасының қажеттіліктеріне сай болуы тиіс – Әлихан Смайылов Фото: www.nur.kz

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев осы бағыт бойынша балабақшаларда 300 мың жаңа орын ашу, білім беру жүйесіндегі жаңашылдықтың – 1000 көшбасшысы кадрлық резервін құру, мектептерде 7 мың пәндік кабинет ашу, 100 қосымша білім беру объектісін салу, колледждердегі мемлекеттік тапсырысты 150 мың орынға дейін ұлғайту, 100 бизнес-инкубатор құру және т. б. шаралардың жоспарланғанын хабарлады.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламасын жаңарту, өңірлік кадрлық қажеттілік картасын жасау, ғылыми қызмет нәтижелерін коммерцияландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Ұлттық біліктілік жүйесін дамыту шаралары туралы айтты. Білім беру бағдарламаларының негізі болып табылатын кәсіптік стандарттарды әзірлеуге жұмыс берушілердің қатысуы қажет деп атап өтілді. Сонымен қатар, әсіресе, жастардың жұмысқа орналасуына кедергілерді жоюға бағытталған тәуелсіз сертификаттауды енгізуге назар аударылды.

Жиынға қатысушылар экономика салаларына кадр даярлау, түлектерді жұмысқа орналастыру, дуальды оқыту, кәсіби стандарттарды әзірлеу, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды (ҒЗТКЖ) қаржыландыру, салық төлеуге ынталандыру, жеке меншік мектептер мен мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын дамыту, инженерлік қызмет және басқа да мәселелерді жан-жақты талқылады.

Премьер-Министр экономика қажеттіліктері үшін маман даярлау Үкіметтің басым міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Осыған байланысты азаматтар мен бизнестің белсенді қатысуымен экономиканың нақты қажеттіліктеріне назар аудара отырып, білім беру жүйесін жетілдіру және жақсарту бойынша жұмыстарды жалғастыру қажет.

"Білім беру гранттарын және басқа да дамыту шараларын алдын ала қарастыру үшін еңбек нарығын зерттеуге және 5-7 жылдан кейін экономикаға қандай кадрлар қажет болатынын болжауға көңіл бөлу қажет. Бұл тек жоғары оқу орындарына ғана емес, колледждер мен басқа да білім беру ұйымдарына қатысты. Білім беру бағдарламалары нарық сұранысына сай болуы тиіс", – деді Әлихан Смайылов.

Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-Министр Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктеріне айтылған барлық ұсынысты жұмыс барысында назарға алуды және "Атамекен" ұлттық палатасымен бірлесе, көтерілген мәселелерді шешу жолдарын қарастыруды тапсырды.

Іс-шараға орталық мемлекеттік органдардың, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Қазақстанның үздіксіз білім беру қауымдастығының, "Еуразиялық топ" ЖШС-нің және басқа да салалық ұйымдар басшылары қатысты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу