Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" студиясының павильондарында "The Golden Empire" жұмыс атауымен белгілі халықаралық тарихи сериалдың түсірілімі басталды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ағылшын тіліндегі деректі-көркем телехикаяның өндірісін Karga Seven Pictures жүзеге асыруда. Бұл компания 90-нан астам елде Netflix-тің ТОП-10 тізіміне енген "Осман империясының өрлеуі" және "Өсиет: Мұсаның тарихы" сияқты жобаларымен танымал. TAURUS Asia Production – жобаның жергілікті серіктесі.
Таңғы 6:00-де түсірілім алаңы жандана бастады. Алғашқы кадрды түсірмес бұрын, режиссер Эмре Сахин, түрік продюсері Фикрет Маноғлу және TAURUS Asia Production продюсері Анна Чакиртова түсірілім тобына мотивациялық және құттықтау сөздерін жолдады.
"Бұл жай ғана сериал емес, бұл өткенмен құрылған диалог. Әрқайсыңыз осы тарихты бүгінге жеткізушісіз. Әр қадам – ұжымдық еңбектің нәтижесі. Сценарийден бастап костюмдер мен декорацияға, жарық қоюдан операторлық жұмысқа дейінгі әрбір кезең – алға жылжудың маңызды бөлігі. Біз бірге жұмыс істейміз, бір-бірімізге қолдау көрсетеміз және бұл жобаның ерекше болатынына сенеміз", – деді Эмре Сахин.
9:10-да жобаға арнайы жасалған 12 метрлік киіз үйде алғашқы кадр таспаға түсірілді. Ал түске дейін алғашқы дубль сәтті шығып бекітілген соң, түсірілім тобы дәстүрге сәйкес қолтаңбалар қойылған табақты сындырып, қатысушылар естелікке сынықтан ала кетті.
Қазіргі таңда түсірілім тобы жоғары дайындық деңгейін және ынтасын көрсетіп, белгіленген кестеге сай қарқынды жұмыс істеуде. "The Golden Empire" сериалы Қазақстан киноиндустриясының дамуына елеулі үлес қосып, халықаралық кинематографиялық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.