Премьер-Министр Олжас Бектенов Ұлытау облысына жұмыс сапары аясында Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2021 жылы салынған "Жошы хан" тарихи-мәдени кешеніне барды. Биыл Жошы ұлысының құрылғанына 800 жыл толды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Кешен Алтын Орданың 750 жылдығы аясында Президенттің тапсырмасы бойынша салынған. Нысан ашылғалы бері еліміздің өңірлерінен, алыс және жақын шетелдерден 35 мыңнан астам турист келген.
"Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде Жошы ұлысы Қазақстанның мемлекеттігі тарихында маңызды орын алатынын атап өтті. Кешеннің маңыздылығын ескере отырып инфрақұрылымды одан әрі дамыту және туристік әлеуетті жақсарту үшін барлық шараларды қабылдау қажет", — деп атап өтті Олжас Бектенов.