Жоспар орындалмағаны үшін екі өңір әкімдерінің орынбасарлары жауапкершілікке тартылады

3006

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Инвестициялық штаб отырысында инвестициялар тарту бойынша 2021 жылы нысаналы индикаторлардың орындалу қорытындысы және 2022 жылға арналған жоспарлар қаралды, деп хабарлайды inbusiness.kz Үкімет басшысының сайтына сілтеме жасап.

Жоспар орындалмағаны үшін екі өңір әкімдерінің орынбасарлары жауапкершілікке тартылады

2021 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 13,2 трлн теңгені құрады. Бұл 2020 жылғы көрсеткіштен 7,3%-ға артық. Инвестициялар өсімінің негізгі локомотивтері экономиканың шикізаттық емес секторлары болды. Мәселен, инвестициялардың нақты көлем индекстері өңдеу өнеркәсібінде 1,4 есе, құрылыста 1,2 есе, ауыл шаруашылығында 1,3 есе өсті.

Өңдеу өнеркәсібінде өсімінің неғұрлым жоғары көрсеткіштеріне металлургияда (+27%), тоқыма өндірісінде (+28%), фармацевтикада (+39%), химия өнеркәсібінде (+55%), минералдық өнімдерде (+100%) қол жеткізілді.

Республика бойынша негізгі капиталға инвестициялар тарту бойынша жылдық жоспар 94%-ға орындалды. Нысаналы көрсеткіштер Шымкент қаласында (115,5%), Ақтөбе (101,8%) және Қостанай (101,3%) облыстарында асыра орындалды.

Қарағанды облысында (99,9%), Алматы қаласында (99,8%), Атырау (99,1%), Жамбыл (97,4%), Павлодар (96,2%) облыстарында, Нұр-Сұлтан қаласында (96,1%) сәл артта қалушылық бар. Шығыс Қазақстан (92,1%) және Маңғыстау (90,8%), Алматы (89,7%), Ақмола (89,4%), Түркістан (82,5%), Солтүстік Қазақстан (80,4%) облыстарында жоспар орындалмаған. 

Ең төменгі көрсеткіштер Батыс Қазақстан (69,6%) және Қызылорда (66,4%) облыстарында тіркелді. Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша аталған екі өңір әкімдерінің орынбасарлары тәртіптік жауапкершілікке тартылатын болады.

"Көш соңында қалған өңірлер белгіленген KPI қатаң сақтау қажеттігіне назар аударуға тиіс. Нысаналы индикаторларға қол жеткізбегені үшін әкімдерге дербес жауапкершілік жүктеледі. Мемлекеттік органдар мен әкімдіктер ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту бойынша жұмысты жүйелі түрде жалғастырсын", – деді Ә. Смайылов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу