ЖШС директоры миллиардқа жуық теңгені ойын ставкасына салып жіберген

226

Ақшалай қаражатты онлайн аударым арқылы жеке банк шотына аударып отырған.

ЖШС директоры миллиардқа жуық теңгені ойын ставкасына салып жіберген Фото: Inbusiness.kz

Астанада бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде талан-таражға салған ЖШС директоры сотталды, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты Астана қалалық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында сенiп тапсырылған бөтеннің мүлiкін аса ірі мөлшерде ұрлағаны, яғни талан-таражға салғаны үшін К есімді азаматқа қатысты үкім шығарылды (ҚК 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы).

"К., "Т." ЖШС-ның бас директоры лауазымында қызметін атқарған уақытында, жұмыс орнында өзінің ұялы телефонын пайдалана отырып, өзіндегі ЭЦҚ-кілтімен дәйексіз деректерді көрсетіп, төлем жүргізу мақсатында "банк-клиент" бағдарламасын жүктеген.

Ақшалай қаражатты онлайн аударым арқылы жеке банк шотына, сондай-ақ үшінші тұлғалардың есеп карточкаларына аударған, қолма-қол ақшаға айналдырып, кейіннен К. букмекерлік кеңселер мен орындарда ойын ставкаларына жұмсап отырған", - делінген хабарламада.

Ресми ақпаратқа сәйкес ЖШС-ке жалпы сомасы 940 млн теңгеден астам материалдық залал келтірілген.

Сотталушы өзіне тағылған айыпты және келтірілген залал сомасын толық мойындап, соттан бас бостандығымен айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұраған.

Жәбірленуші тарап ЖШС-нің өкілі өз кезегінде сот талқылауы барысында мәлімделген азаматтық талап қоюды қолдап, жаза тағайындауды соттың қарауына қалдырды.

"Сот сотталушыны сеніп тапсырылған бөтеннің мүлікін талан-таражға салғаны үшін кінәлі деп танып, коммерциялық ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан 5 жыл мерзімге айыра отырып, 8 жылға бас бостандығынан айырды", - делінген хабарламада.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы бірінші сатыдағы соттың тұжырымдарымен келісіп, үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Үкім заңды күшіне енді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу