Жуалы ауданы прокуратурасы жүргізген талдау нәтижесінде әлеуметтік маңызы бар тауарларды (ӘМТӨ) өндірушілерден электр энергиясы үшін негізсіз жоғары тарифпен ақы алынғаны анықталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Заңнамаға сәйкес, ӘМТӨ өндірушілері электр энергиясының құнын жеңілдетілген тариф бойынша төлеуге құқылы. Алайда жыл басынан бері жеті өндіруші электр энергиясының 1 кВт/сағ үшін белгіленген 35,12 теңгенің орнына 38,44 теңге төлеген. Соның салдарынан кәсіпкерлер мемлекет көздеген жеңілдіктерді толық көлемде пайдалана алмаған.
Прокурорлық қадағалау актілері негізінде анықталған заң бұзушылықтар жойылып, оған жол берген кінәлі тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Жалпы, 2026 жылдың басынан бері прокурорлар 7,7 мыңнан астам кәсіпкердің, оның ішінде инвесторлардың құқықтарын қорғаған. Осы кезеңде бақылаушы органдардың 51 бизнес субъектісіне қатысты негізсіз тексеру жүргізуіне жол берілмеді.
Сонымен қатар кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін 23 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ облыстық Жер ресурстарын басқару басқармасы тарапынан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді беру конкурстарын өткізу кезінде негізсіз келісу рәсімдерін талап ету тәжірибесіне тосқауыл қойылды.