Павлодарда жүк көлігінің дөңгелегі жарылып, жұмысшы қаза тапты

439

Ер адам жергілікті техникалық қызмет көрсету стансасында қызмет еткен.   

Павлодарда жүк көлігінің дөңгелегі жарылып, жұмысшы қаза тапты Фото: perevozka24.com

Полиция еңбекті қорғау заңнамасын бұзу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

– Адам өліміне соқтырған жазатайым оқиға облыс орталығында тіркелді. Алдын ала мәліметке қарағанда, жүк көлігінің дөңгелегін үрлеп, орнату кезінде шина жыртылып кетіп, салдарынан станса қызметкері ауыр жарақат алып, қаза тапқан, – деп хабарлады Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Абылай Сабыров.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жедел жәрдемге шақырту 7 қыркүйек күні сағат 10.30-да түскен. Оқиға орнына жедел жеткен медицина қызметкерлері ер адамның қайтыс болғанын анықтаған. Денсаулық сақтау басқармасы жарақаттың нақты сипатын жариялаған жоқ.

Қазіргі уақытта комитет мамандары қайғылы оқиға бойынша тергеу-тексеру жүргізіп жатыр. Оның барысында адам өліміне соқтырған жағдайдың мән-жайы мен себептері, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуы анықталады.

Облыстық полиция департаменті еңбекті қорғау талаптарын бұзу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

–  Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Сотқа дейінгі тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді, – деп хабарлады Полиция департаментінен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу