Жүк көліктерінің салмағын өлшейтін станциялар санын көбейту керек – Нұртай Сабильянов

155

Бұл туралы Мәжілістегі елдң көлік-логистикалық әлеуетін дамытуға арналған Үкімет сағатында депутат Нұртай Сабильянов айтты.

Жүк көліктерінің салмағын өлшейтін станциялар санын көбейту керек – Нұртай Сабильянов Фото: canva.com

"Халық көтеріп отырған тағы бір үлкен мәселе – автомобиль жолдарын бұзатын ауыр жүк тасымалдайтын машиналар. Бұл жүк көліктерінің салмақ параметрлерін өлшейтін автоматтандырылған станциялардың қажетті санының болмауынан туындап отыр. Елімізде 50-ге жуық автоматтандырылған өлшеу орталығы орнатылған. Шамадан тыс жүктеме анықталған кезде деректер тіркеліп, айыппұл салу үшін уәкілетті органдарға беріледі. Осыған байланысты орындалатын жұмыстар мен қолданылатын материалдардың сапасы бойынша мәселені шешетін уақыт келді. Сондай-ақ орындалған жұмыстардың сапасы бойынша анықталған бұзушылықтар үшін бірінші басшылардың дербес жауапкершілігін күшейтіп, автоматтандырылған өлшеу станцияларының санын көбейту керек",  деді Нұртай Сабильянов.

Осы орайда Мәжіліс дептутаты Мемлекет басшысы 2029 жылға дейін 4 мың шақырымнан астам автомобиль жолдарын сапалы түрде реконструкциялау міндетін қойғанын атап өтті.

"Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, "ұзаққа созылған құрылыс" жобаларын іске асыру бойынша ауқымды жұмыс атқарылды. Дегенмен, құрылысын аяқтауды және жөндеу жүргізуді қажет ететін автомобиль жолдары бар. Мысалы, "Қалбатау - Майқапшағай" тас жолын жөндеу 2019 жылдан бері 5 жылға жуық уақыт жүргізіліп келеді. Бірақ жөндеу жұмыстары әлі күнге дейін аяқталған жоқ. Сонымен бірге республикалық маңызы бар "Қызылорда – Жезқазған" автожолы ең үлкен мәселе болып отыр. Осы учаскені жөндеу жұмыстарын аяқтауды жеделдету қажет",  деді ол.

Оның айтуынша, республикалық маңызы бар Қарағанды-Аягөз-Бұғаз автожолының жай-күйі қанағаттанарлық жағдайда емес әрі жекелеген учаскелерінде тіпті асфальт жабыны мүлдем жоқ.

"Бұл мәселе осы өңірдің тұрғындары арасында жиі көтеріледі. Сондықтан министрлік осы мәселелерді шешу жөнінде шаралар қабылдауы қажет",  деді Мәжіліс депутаты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу