Жамбыл облысында сот шетелдік зауытты жергілікті компанияның зақымданған жүк вагондары үшін 60 млн теңгеден астам өтемақы төлеуге міндеттеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оқиға 2022 жылдың қысында "Науалы" станциясында болған. Сол кезде 12 жүк вагоны рельстен шығып кеткен, оның төртеуі жергілікті жауапкершілігі шектеулі серіктестікке тиесілі болған.
Тергеу нәтижесінде апаттың себебі шетелдік акционерлік қоғам – зауыт өндірген бүйір раманың сынып кетуінен болғаны анықталды. Сараптама барысында құймадағы ақаулардың вагонның бұзылуына түрткі болғаны дәлелденген. Зақым соншалықты үлкен болғандықтан, вагондарды пайдаланудан шығару қажет болған.
Компания өз шығындарын өз есебінен өтеп, 60 млн теңгеден астам соманы шығын ретінде жапқаннан кейін, шетелдік зауытқа қарсы регресс талап арыз берген.
Сот шетелдік өндірушінің әрекеті мен апаттың арасындағы себеп-салдарлық байланысты анықтады. Сот шешімімен акционерлік қоғамнан 60 млн теңгеден астам өтемақы және 1,8 млн теңге сот шығындары өндіріледі.
Осылайша, сот шетелдік зауыттың өндірістік ақаулар үшін жауапкершілігін және олардың қазақстандық компанияға елеулі қаржылық зиян келтіргенін растады.