Жамбыл облысының аумағында жүк пойызының құрамы рельстен шығып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат "ҚТЖ" АҚ-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Жамбыл облысында 31 шілдеде сағат 08:05 минутта №2009 жүк пойызы Мойынты-Шығанақ учаскесінде Қашқантеңіз - Жастар өткелінде жүк вагондары рельстен шығып кетті. Вагондардың рельстен шығып кетуіне "Исткомтранс" ЖШС-на тиесілі 28-вагонының бүйір рамасы сынып кетуі себеп болған", - делінген хабарламада.
Айта кетерлігі, вагондарды 2009 жылы 29 шілдеде "Азовэлектросталь" ААҚ жасап шығарған. Ол жерге Шу және Сарышаған стансаларының қалпына келтіру пойыздары жұмылдырылды. Апат салдарынан 5 жолаушылар пойызы кешіктірілуде.
Қозғалыс шамамен Астана уақытымен 18:00-де ашылады.
Оқыс оқиғадан ешкім зардап шекпеген. Заңға сәйкес, барлық келтірілген шығынды жүк вагонының иесі өтейді.
"ҚТЖ" ҰК" АҚ-да осы жағдайды тергеу бойынша арнайы комиссия құрылды.