Жүк вагонын шығаруды дамыту бағдарламасы жасалды

1034

Жүк вагонын шығаруды дамыту бағдарламасы жасалды

Қазақстан темір жолында тек отандық өндіріс орындарынан шыққан жүк вагондары жүретін болады, деп хабарлайды "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ баспасөз қызметі.
"ҚТЖ" ҰК" АҚ техникалық орталығы мемлекеттік деңгейдегі, өндірістік сектордағы кәсіпорындардың және жылжымалы құрам меншік иелерінің қолдауымен жүк вагонын шығаруды дамыту бағдарламасын жасады.
"ҚТЖ" ҰК" АҚ техникалық орталығының директоры Азамат Жанкелдінің айтуынша, аталмыш бағдарлама Қазақстандағы жүк вагон шығаратын кәсіпорындарға бірыңғай техникалық талап қоя отырып, елдің жылжымалы құрамын жаңғыртуды көздейді.
"Жаңа жабық вагондар, жартылай вагондар, цистерна және платформалар жылжымалы құрамға қатысты техникалық регламенттеудің міндетті талаптарынан өтіп, сертификатталған соң, мемлекетаралық бағдарларға да шығуға рұқсат алатын болады",- дейді Азамат Жанкелді.  
Оның айтуынша, жаңа жылжымалы құрамға көлемін арттыру, жөндеу аралығы мерзімін ұзарту, конструкциялық жылдамдық, жүк көтеру қуатын көбейту, жүк вагондарының қорабының салмағын азайту сынды талап қойылады. Бұл өз кезегінде теміржол жылжымалы құрамын соңғы үлгідегі жүк вагондарымен жаңғырту, парктің жалпы жүк көтеру деңгейін, жылдамдығын қызмет көрсету сапасын, тасымалдау қауіпсіздігін  көтеруді қамтамасыз етеді. 
Жүк вагонына қойылатын талаптар биылғы жылдың аяғына дейін бекітіліп, қаржылық институттар арқылы бағдарламаны қаржыландыру жағы қарастырылады.
Атап өтерлігі, қазіргі таңда Қазақстанның жалпы жүк вагондары мүкәммәл мүлкі паркінде 130 мың вагон бар. Оның ішінде 54 мың вагон "Қазтеміртранс" АҚ меншігіне кіреді. 2022 жылдарға дейін пайдалану мерзімін өтеген 23 мың вагонды есептен шығару қажет болса, оның 12 мыңы "Қазтеміртранс" АҚ иелігінде тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу