Қазақстан мұғалім мамандығының қоғамдағы беделі бойынша әлемде екінші орынға ие. Сондай-ақ педагогтердің еңбекақысына қанағаттану деңгейі жөнінен еліміз үздік бес мемлекеттің қатарына енген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Министрдің айтуынша, әйелдердің экономикалық әлеуетін арттыру ең алдымен сапалы білім беру жүйесіне, адами капиталдың дамуына және ел экономикасының тұрақты өсуіне байланысты.
"Бүгінде еліміздің білім беру саласында еңбек етіп жүрген педагогтердің 80 пайыздан астамы – әйелдер. Олар жас ұрпаққа білім берумен қатар, олардың бойына жауапкершілік, тәртіп және еңбекқорлық сияқты маңызды құндылықтарды сіңіреді. Сондықтан елдің адами капиталын қалыптастыруда ұстаздардың еңбегі ерекше", – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Оның сөзінше, соңғы жылдары мемлекет педагогтердің мәртебесін көтеруге бағытталған бірқатар маңызды реформаны жүзеге асырды. Нәтижесінде мұғалімдердің жалақысы өсті, құқықтық қорғалуы күшейді, артық әкімшілік жүктеме қысқартылып, кәсіби біліктілікті жетілдіруге жағдай жасалды.
"Қазіргі таңда Қазақстан мұғалім мамандығының қоғамдық беделі бойынша әлемде екінші орында тұр. Сонымен қатар педагогтердің еңбекақысына қанағаттану деңгейі бойынша әлемдегі үздік бес елдің қатарындамыз. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, мұғалімдердің 95 пайызы өз мамандығына көңілі толатынын айтса, шамамен 80 пайызы таңдау мүмкіндігі болса да қайтадан ұстаздық жолды таңдар еді", – деді министр.
Жұлдыз Сүлейменова білім беру саласы әйелдердің кәсіби әлеуетін жүзеге асыруға, тұрақты жұмыспен қамтылуына және әлеуметтік қорғалуына мүмкіндік беретін маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті.